Исаның сөз қағысулары мен бірқақпайлары


ИСАНЫҢ НҰРҒОЖАҒА АЙТҚАНЫ


- Ақ киіп әуреленген қай Мәшһүрсің,
Жамылған қой терісін қай қасқырсың,
Естуім Жүсіп деген Мәшһүр біреу
Өзіңді-өзің мүшкіл ғып қайдан жүрсің?

* * *

Жаңада айтып кетті Балақадыр,
Сөзіне мен отырмын етпей сабыр,
Халқы сүйген Абайды феодал дейді,
Сөз бар ма ұлы ақынға бұдан жәбір.
Алтын мен мысты байқап айырмайтын,
Санасыз Балақадыр неткен пақыр?

* * *
«Жақын деп жанымды ұғар сәлем бердім,
Таң атпай баса-көктеп кіріп келдім.
Мөлтілдеп бауырында Бурабай көл,
Көкшетау – жәннәті ғой жұмыр жердің».

* * *
Домбыра - екі ішекті, ішің қуыс,
Ызботтан сөзім шықсын уыс-уыс,
Майра апам домбыраны алып берді,
Исада түні бойы болмас тыныс.

Жәрмеңкең құтты болсын Советский,
Сіздермен кез боп қалдым өң мен түстей,
Жынды Омар, Зәрубай мен Қалибекті
Ұмытпан мен де, сірә, жанар өшпей.

Қоянды қызыл тулы тұрған жайнап,
Неткен ел сейіл-серуен салған ойнақ.
Ащы тіл, әдемі әзіл, сән-салтанат,
Шаттықпен гүлдей жайнап, отыр ойнап.

* * *
Көз тіккенде мылтықтан оқ зу етті.
Оқ тиген үйрек жерге түсіп кетті,
Суды малтып, қамыстың түбін тінтіп,
Тазы ит құсап лып етіп алып жетті.

* * *
Уа, Жәке, көпті көрдің, достық кімде,
Шіркін, жоқтық, жігітке кір келтірме,
Отым өшкен, түтінім Саяділдің
Мұржасынан будақтап ұшқан бірге.

Адамшылық арға кеп жұғады екен,
Іштегі іске алмай жатқан кірне.
Өз үйім жоқ, керосин қатқан күні,
Сонда қонақ боласың біздің үйге.

* * *
Сұм заманға кез болдық,
Хайуан малдан кем болдық.
Елсіз, күнсіз жапанда,
Тағдыр, ажал кем болдық
Ит пен құсқа жем болдық.
Үйде қалған кемпір-шал,
Қанатынан қайрылып,
Боздағынан айрылып,
Бұл не деген болды хал...

* * *
Ассалаумағалайкум, болыс аға,
Бұл күнде не дегенің дұрыс, аға.
Ақбілекке он төрттегі үйленіпсің,
Қайырлы құтты болсын, қоныс аға...

* * *
Екі бала қол ұстасып үй болды ғой,
Үй болған соң бұларда күй болды ғой
Жақсылармен кездесіп туыс тауып,
Ұмытылмас біздерге сый болды ғой.

Орамал тон болмайды, жол болады,
Өлеңім айта берсем мол болады.
Кеудеңде орын болса құйып алшы,
Кәденің ең үлкені сол болады.

     * Құралай сұлу

      * Алтай          аясында

      * Он бір күн,
         он бір түн

      * Кавказ

      * Ақбөпе

      * Ұлы құрылыс

      * Қырмызы-
         Жанай

      * [Клеопатра]

      * Қойшының          ертегісі



                   
Павлодар қ., С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Білім беруді ақпараттандыру орталығы
Авторлық құқықтар © 2011 И.Байзақов сайты